БҚО-да жіті ішек жұқпасымен ауырғандар саны 300-ден асты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 314 адамның жіті ішек жұқпасына шалдыққаны тіркелді.

Фото: Kazinform/ЖИ

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мира Қауымбаеваның мәлім еткеніндей, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда, 45,14-тен келеді.

Өткен жылдың осы кезеңімен (382) салыстырғанда, сырқаттанушылық 17,8 пайызға төмендеді. 

Мира Нұрланқызының сөзіне қарағанда, ауырғандар саны азайғанына қарамастан, жіті ішек жұқпаларының алдын алу шараларын сақтау өзектілігін жоғалтпайды. Әсіресе, жазғы және жылы мезгілдерде аурудың таралу қаупі артады.

Инфекцияның негізгі берілу жолдары — лас қол, сапасыз немесе ластанған тағам өнімдері және ауыз су арқылы жұғуы ықтимал.

— Жіті ішек жұқпалары — асқазан-ішек жолдарының қызметін бұзатын, көбіне бактериялар мен вирустардан туындайтын жұқпалы аурулар тобы. Аурудың негізгі белгілеріне іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі және жалпы әлсіздік жатады, — дейді М.Қауымбаева.

Оның айтуынша, аурудың алдын алу үшін, әсіресе, тамақ ішер алдында, дәретханадан кейін және көшеден келген соң қолды сабынмен мұқият және жиі жуу қажет. 

Сондай-ақ тек қауіпсіз, қайнатылған немесе сапасы тексерілген ауыз суды пайдалану, жеміс-жидек пен көкөністерді мұқият жуу маңызды. 

Ет, құс еті, жұмыртқа және басқа да тағам өнімдерін толық термиялық өңдеуден өткізіп, шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтап, тағам дайындау кезінде жеке кесу тақтайлары мен пышақтарды пайдаланған дұрыс.

Сол секілді тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта ұстау және олардың жарамдылық мерзімін қатаң сақтау, тағам өнімдерін белгіленбеген жерлерден сатып алмау керек. 

Оған қоса дайын тағамды бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмау, ас үйде тазалық пен жеке бас гигиенасын сақтау қажет.

— Жіті ішек жұқпаларының алғашқы белгілері байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, медициналық көмекке жүгінген жөн. Әсіресе, балаларда құсу мен іш өту кезінде ағзаның сусыздануы тез дамуы мүмкін, — деп қосты М.Қауымбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көкжөтелге шалдыққандар саны 60-қа жуықтағанын жазған едік.