ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында жүк көлігі пойызбен түйісті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 23 маусым күні шамамен сағат 13.30-да ауыл шетінде болды.
- Теміржол өткелінде 1958 жылғы жүргізуші Shacman көлігімен жүк пойызын өткізбей, түйіскен. Соның салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 344-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік қағып кеткен жасөспірім қыздың көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).