БҚО-да жүк көлігінің пойызбен соқтығысуы: ТЖ департаменті түсінік берді
00:21, 24 Маусым 2025
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында жүк көлігі пойызбен түйіскеннен кейін локомотив жанды.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, тепловозға 90 вагон тіркелген.
— Соқтығысу салдарынан локомотив жанып, ол толық сөндірілді. Бұдан әрі қауіп-қатердің алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пойыз вагондары локомотивтен жедел ағытылып, темір жолдың қауіпсіз учаскесіне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша сұйытылған газдың ағуы тіркелген жоқ. Бұл экологиялық және техногендік қауіп-қатерден құтылуға мүмкіндік берді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүк көлігінің пойызбен соқтығысып, жүргізушінің мерт болғанын жазған едік.