БҚО-да жүк көлігі өртеніп, жалын құрғақ шөпке ауысты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жүк көлігі өртеніп, жалын құрғақ шөпке ауысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 7 шілде күні Сырым ауданы Тоғанас ауылы тұсында болды.
«Сағат 12.20-да 101 пультіне Самара-Шымкент тас жолы бойында жүк көлігінің өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен. Оқиғаны барлау барысында Самара-Шымкент жолының 320-шақырымында жартылай тіркемесімен ауыр жүк көлігі жанып, жалынның құрғақ шөпке ауысқаны анықталды. Жүк көлігіндегі өрт сағат 14.30-да оқшауланды. Құрғақ шөптің жануын сөндіру жалғасуда, оның аумағы анықталу үстінде. Өрт орнында түрлі мекемелерден 22 адам, 5 техника жұмыс жасап жатыр», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда орманға жақын аумақта құрғақ шөп жанғанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).