ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жүк көлігі өртеніп, жүргізуші жарақат алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Жазира Әбдірахманованың айтуынша, Зеленов ауданы Владимировка елді мекені маңында жүк көлігінің жанып жатқаны жөнінде 18 ақпан күні сағат 08.28-де хабар түскен.
Оқиға орнына №7 өрт сөндіру бөлімінің күш-құралдары жедел жеткен кезде катушка, кабель және металл тұрбалар тиелген «Volvo» жүк көлігінің жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін жүргізуші зардап шегіп, басынан, қолы мен аяғынан екінші дәрежелі күйік жарақатын алған. Ол Орал қаласындағы облыстық ауруханаға жатқызылды.
Өрт 09.55-те оқшауланып, 11.20-да толықтай сөндірілген. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 1 техника, 4 адам жұмылдырылған.
Өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).