ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, темір жол жолағында малын бос жібергені үшін 14 жылқының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қалижан Қобландиннің айтуынша, 11 ақпан күні Орал стансасындағы желілік полиция бөліміне диспетчерден «Сұлусай-Жаркий» стансасы маңында темір жол бойында жүрген 14 жылқыны қағып кетуіне байланысты машинист жүк пойызын кілт тоқтатқаны жөнінде хабар түскен. Барлық мал өлген. Пойыз 46 минут бойы тоқтап тұрған.
Тексеру барысында көлік полицейлері жылқының иесін тапты. Ол Ақсай қаласының 35 жасар тұрғыны болып шықты.
Оған ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 559-бабы 1-бөлігіне (темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
«Жыл басынан бері пойыздарды кілт тоқтатудың 198 дерегі тіркелсе, соның 147-сі теміржол жолағында малдың жүруіне байланысты. Соның ішінде 77 жылқы, 10 түйе, 57 ірі қара қағылған. Теміржол жолағында малын жайғаны үшін 85 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді Қ.Қобландин.