БҚО-да жүк тасымалдаушылар тарапынан 200-ден астам заң бұзушылық анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері ветеринариялық бақылау бекеттерінде 208 заң бұзушылық тіркеліп, соншама автокөлік шығу бағытына кері қайтарылды.

Фото: Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясы

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясынан мәлім еткеніндей, 89 жүк тасымалдаушыға әкімшілік хаттама толтырылып, барлығы 7 млн 958 мың теңге айыппұл салынды.

Инспекция мәліметіне қарағанда, 18 тамыз күні «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысы Наро-Фоминск ауданынан Қазақстан Республикасының Шымкент қаласына бағыт алған жүк көлігі тексерілді. 

Аталған автокөлік салмағы 14 тонна қойдың ішкі ағзалары мен ылғалды тұздалған қой ішектерін тасымалдап келе жатқан. 

Фото: Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясы

— Қарап-тексеру барысында аталған өнімдердің Ресейдің Мәскеу облысынан Қазақстанға әкелінуіне 2018 жылдан бері уақытша шектеу енгізілгені анықталды. Осыған байланысты жүк көлігі шығу бағытына кері қайтарылды. Оған қоса жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Инспекция жүк тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптарын қатаң сақтау керектігін еске салады, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ветеринариялық талаптың бұзылуына байланысты 18,4 тонна өнім кері қайтарылғанын жазған едік.