ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жұмыс беруші қызметкерге бірнеше жыл бойы жалақысын төлемеген.
БҚО жеке сот орындаушылары өңірлік палатасынан мәлім еткендей, қордаланған қарыз 51 млн теңгеден асқан.
«Борышкер өзінің міндеттемесін орындауды бірнеше рет кейінге қалдырғаннан кейін сот орындаушы батыл шешімдерге барған. Ол компания есепшотын тұтқындап, борышкердің мүлкі есебінен өндіруді ұсынған. Жұмыс беруші қылмыстық қудалауды қосқанда, заң қысымынан құтылу үшін қарызды өтеуге мәжбүр болған. Қарыз сомасы үш айда өтелген. Бұл жағдай жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің еңбек құқығын сақтаудағы жауапкершілігін арттыруға септеседі» деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлік алып беремін деп 2 тұрғынның 5,3 млн теңгесін иемденген алаяқтың ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).