БҚО-да «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 47 млн. теңге қолды болған
Бұл туралы БҚО прокуратурасының алқа отырысында прокуратураның басқарма басшысы, кіші әділет кеңесшісі Аслан Жаңатауов «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының өткен жылы және осы жылдың төрт айы ішінде жүзеге асырылуы, білім беру мен денсаулық сақтау басқармасындағы мемлекеттік сатып алу заңдылығының сақталуы жөнінде баяндама жасаған кезде мәлімдеді. Заңбұзушылықтар ішінде жалған жұмыс орындарын жасау, 5 миллион теңге мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану, бағдарлама аясына кірмейтін жеке тұлғаларға үй беру және басқалары бар. Мұндай олқылықтар, әсіресе, Ақжайық, Теректі, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Қазталов, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында көп. Мысалы, Бөкей ордасы ауданында шаруа қожалығының иесі бір адамды әлеуметтік жұмыс орнына «қабылдапты». Сөйтсе, оның аталмыш бағдарламаға орай құжаттарын ұсынбағаны өз алдына, сол қожалықта жұмыс та істемеген әрі 2011 жылдан бері Тасқала ауданында тұрып келеді. Тағы бір мысал. Өткен жылдың шілде айында стандарттау, сертификаттау және метрология мамандығы бойынша ЖОО бітірген бір жас жігіт Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округіне тәжірибеден өтуге жіберіліпті. Әлгі жас маман сол жылдың қыркүйек айында мемлекеттік органмен еңбек шартын бұзбай жатып, басқа бір ЖШС-ға жұмысқа кіріп алған. Солай бола тұрса да, Ақбұлақ ауылы әкімдігіндегі жауапты тұлғалар аталмыш маманға өткен жылдың желтоқсанына дейін жалақы төлеген. Бұдан басқа өңірдегі несие серіктестіктерінің төңірегінде де былық көп. Қазірдің өзінде 47 миллион теңге мемлекет қаржысының қолды болғаны анықталды.
Мемлекеттік сатып алу ісінде де олқылықтар жеткілікті. Мәселен, Ақсай технологиялық колледжінің 369 студенті жылдық жоспарда белгіленген бағадан нарықтағы еттің қымбат болуына байланысты, оның орнына 25 күн бойы бұқтырылған қалбыр (тушенка) өнімін пайдалануға мәжбүр болыпты. Ал Орал қаласы мен Теректі ауданының прокурорлары лауазымды тұлғалардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындамай, мемлекеттік сатып алуға қатыспауына байланысты мүгедектердің құқықтарын бұзғанын анықтады. Анықталған жағдаяттарға байланысты заң орындары тиісінше шаралар қолданған.
Алқа отырысы соңында орын алған олқылықтар бойынша нақты шаралар қолдану жөнінде шешім қабылданды.