Оның айтуынша, балалар арасында, әсіресе, тұрмыстық жарақаттар жиі кездеседі. Соның ішінде биіктіктен құлайтындар аз емес. Мысалы, 2013 жылы 28 тамызда Тасқала ауданында бағанадан құлаған 2005 жылғы бала көз жұмды. 2013 жыл мен 2017 жылдың бірінші тоқсаны аралығында терезеден құлаған (2013 жылы - 3, 2015 жылы - 1, 2016 жылы - 1, биыл - жоқ) бес жасөспірімнің бәрі де қаза болды. Сондай-ақ ашық құдықтарға құлаудың 16 дерегі (2013 жылы - 2, 2014 - 5, 2015 жылы - 7, 2016 жылы - жоқ, биыл - 1) тіркелген. Биыл 25 сәуірде Қаратөбе ауданы Үшана ауылында қос бүлдіршін ойнап жүріп, септикке түсіп, батып кетті.
Өрт, газдан улану, суға батудан балалардың қазаға ұшырау оқиғалары аз кездеспейді (2013 жылы - 3, 2014 жылы - 10, 2015 жылы - 13, 2016 жылы - 9). Оған қоса өрт салдарынан 23 жасөспірім (2013 - 2, 2014 жылы - 10, 2015 жылы - 5, 2016 жылы - 6) түрлі жарақат алды.
«Жаз шыға, балалардың жүріс-тұрысы көбейіп, суға кету қаупі де артады. Соңғы он жылда өңірде 321 адам суға кетсе, соның 78-і - балалар. Соның ішінде 2015 жылы 13, 2016 жылы 9 бала «тілсіз жаудың» құрбаны болды. Биыл мұндай жағдай кездеспегенімен, елімізде 40 адам, соның ішінде 20 бала суға кетті. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында суға кеткен 7 адамның бесеуі, Алматы облысында жетеудің төртеуі бала болып отыр. Атырау, Жамбыл облыстарында төрт адамнан суға кетті. Сондықтан балаларды суға түсу мерзімінде қараусыз қалдырмау керек», деді А.Ахметжанов.