ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында зорлықпен өлтірілген 32 жастағы тұрғынның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 қыркүйек күні сағат 19.05-те Оралға қарасты Круглоозерный кенті шетінде болды.
«Қоқыс арасынан зорлықпен өлтірілген азиат пішіндес, жасы 30-35-тердегі ер адамның мүрдесі табылды. Кейін оның Казталов ауданының 32 жастағы тұрғыны екені анықталды. Көп ұзамай осы аса ауыр қылмысты жасады деген күдікпен 1999 жылғы тұрғын ұсталды. Қазіргі кезде аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғынының өзінің досын ұрып өлтіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).