БҚО-дағы 38 колледжде 22 мыңнан астам адам кәсіби мамандықтарды меңгеруде (ФОТО)

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 38 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы болса, соның 27-сі - мемлекеттік, 11-і - мемлекеттік емес колледждер.

Осы оқу орындарында 22 мыңнан астам жас кәсіби және жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. Соның ішінде 46,4 пайызы өңірдің даму ерекшелігі мен экономика саласындағы сұраныстарға сәйкес берілетін мемлекеттік тапсырыстар бойынша білім алуда. Бұл туралы 10 тамыз күні Орал қаласындағы А.Иманов атындағы жол-көлік колледжі базасында «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» деген тақырыпта өткен өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлім етті.

Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында аталып өтілгеніндей, білім беруді дамыту бағытындағы бағдарламалар да жалғасын табатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде әлемдік дағдарысқа қарсы ауқымды шаралар алынып, Қазақстан ДСҰ-ға қабылданып жатқан мезгілде бәсекеге қабілетті, жаңа тұрпаттағы жұмысшы мамандарды даярлаудың маңызы зор. «Білім туралы» ҚР Заңында, Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көрсетілген мақсат-міндеттер үдесінен шығу үшін кәсіптік білім беру мекемелері де осы заманғы талаптарға сай болуы тиіс. Әсіресе, техникалық тұрғыдан дуальды оқытуға ерекше мән берілуде. Былайша айтқанда, теориялық білім беру өндіріспен тығыз ұштастырылып, болашақ мамандар өз ісінің шебері атануы үшін барлығы жасалуы керек. 2014-2015 оқу жылында тәжірибе ретінде 14 колледжде 15 мамандық бойынша 38 кәсіпорынмен дуальдық оқыту жүйесі енгізілді. 2014 жылы облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілердің білімі мен біліктіліктерінің деңгейін тәуелсіз бағалаумен 138 мамандық пен біліктілік бойынша 7014 адам қамтылып, теориялық тестілеу мен практикалық жұмыстарды орындау қорытындысымен 6577 адам немесе қатысушылардың 93,7 пайызы сәйкестік сертификаттарына қол жеткізді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыровтың айтуынша, жасалып отырған жұмыстарға қарамастан, шешілуі тиіс мәселелер де аз емес. Мысалы, жеті колледж бейімделген ғимаратта орналасқан, Орал қаласындағы төрт колледжде жатақхана жоқ, Ақсай техникалық колледжі жатақханасының ғимараты апатты жағдайда.

Колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы 74,2 пайыз болып отыр. Осыған орай Б.Мәкен колледж түлектерінің еңбекке орналасуын үнемі назарда ұстап, тұрақты мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды. Бұл ретте түлектер қауымдастығы құрылса да, еш артық емес.

Тамыз кеңесі барысында 2014-2015 оқу жылында атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алда тұрған міндеттер нақтыланды. Сондай-ақ үздік табыстарымен көзге түскен ұстаздар марапатталып, «Үздік педагог - 2015» аталымы бойынша Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінің оқытушысы Гүлім Кенжеғалиева бірінші орынды иеленді.