Ақжайық ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде кеңес талқысына түскен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мереке Зиналиевтің балаларға арналған жаңажылдық шараны өткізуге қатысты мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында заңбұзушылыққа жол бергені белгілі болды. Атап айтқанда, ол конкурсқа қатысуға құқылы кәсіпкерлердің құқығын шектеп, белгілі бір өнім жеткізушілерге заңсыз артықшылық көрсеткен. Сондықтан М.Зиналиевті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағы 4-інші және 11-тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін қызметінен босату туралы аудан әкіміне ұсыныс жасалды. Сол секілді Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева орта мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында орындалмаған жұмыс бойынша актілерге қол қойып, бюджет қаражатын мердігерге заңсыз толық аударып жіберген. Оған аталған заңның 50-бабы 1-тармағы 4-інші және 5-тармақтары негізінде қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұсынылды.
Тасқала ауылының тұрғыны Б.Өтегеновтің арызы негізінде жүргізілген тексеру нәтижесінде анықталғанындай, аталмыш ауыл әкімі Светлана Өтемісова ардагерлер ұйымының жұмысына заңсыз араласқан. Оған да аталған заңның 50-бабы 1-тармағы 1-тармақшасына сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде Тасқала ауданы әкіміне ұсыныс жасалды.