ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында сексуалдық сипаттағы қылмысқа байланысты мектеп директорының ісі сотқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, өгей қызына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған Жаңақала ауданының тұрғыны Жақсыбай Сұлтанов 22 жылға сотталған болатын.
Сот сонымен қатар білім беру мекемесі қызметкерлері мен шаруа қожалығы басшысының жауаптылығын тексеру үшін БҚО прокуратурасы атына жеке қаулы қабылдаған еді.
Қыз бала Жаңақала мектеп-гимназиясында оқыған. Мектеп-гимназия директоры Лариса Қожахметоваға ҚР ҚК 434-бабына (қылмыс туралы хабарламау) сәйкес айып тағылып отыр.
Жаңақала аудандық білім беру бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, аудандық соттың қаулысына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуіне байланысты Л.Қожахметова биылғы 25 наурызда қызметінен шеттетілді.
БҚО сотының баспасөз қызметі істің сотқа түскенін, бүгін алдын ала сот тыңдауы болатынын жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).