ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында су қоймаларынан алынған сынамадан тырысқақ тәріздес вибрион табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, облыс тұрғындарынан тырысқақ анықталған жоқ.
Оның айтуынша, жыл сайын өткір ішек жұқпалары өршитін кезеңде, мамырдан бастап қазан айына дейін ашық сулардан тырысқақ вибрионына сынама алынады.
«Тырысқақ вибриондары патогенді және патогенді емес болып бөлінеді, барлығы 150-дей түрі бар. Мамыр айынан бастап алынған 73 сынаманың 14-інен патогенді емес тырысқақ тәріздес Vibrio cholerae non O1 табылды. Қазіргі кезде қауіпті дерттің алдын алу мақсатында күн сайын мониоринг жүргізілуде. Сонымен қатар адамдар өзен-көлде шомылған кезде суды жұтып қоймай, байқау керек. Ауру ластанған судан таралады. Ең бастысы, жеке бас гигиенасын сақтау қажет», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Мұстаев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).