ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында қос бірдей басшы қызметкердің тәртіптік істері қаралды.
Бөкей ордасы ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзған. Атап айтқанда, тауар сатып алуға келісімшарт жасалғанда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптары қолданылмаған. Сондай-ақ бөлімде қызметкерлерді іссапарға жіберу кезінде бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған. Жәнібек ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Абзал Қаратаев бруцеллез ауруына байланысты тұрғындардың өтініштерін қарауда ала-құлалыққа жол берген. Сөйтіп «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заң талаптары бұзылған.
Тәртіптік кеңес талқылай келе аталған қызметкерлерге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру туралы ұсыныс жасады.
Кеңес төрағасы Нұрлан Сүйінбаев ең алдымен мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу бағытында өңірде тиісті жұмыстар атқарылуы қажеттігін атап көрсетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).