ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан жолаушы қаза тауып, екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 20 ақпан күні шамамен сағат 08.00-де Орал-Атырау жолының 207-шақырымында болды.
«Жүргізуші «Тойота Альфард» автокөлігін басқара алмай, аударылып қалуына жол берді. Жол апаты салдарынан екі адам Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жолаушы - 1986 жылы туған азамат жарақаттары салдарынан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірнеше сараптама тағайындалды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты жолдар жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).