ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында болған жол апатынан кейін тағы бір адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, 26 ақпан күнгі жол апатынан 4 адам қаза тауып, алтауы ауруханаға жеткізілген болатын.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізілгендердің ішінен 51 жастағы ер адам келесі күні қайтыс болды.
«Екі адам амбулаторлық ем алуда. Үш адам Чапаев ауылындағы аудандық аурухананың хирургиялық бөлімшесіне ауыстырылды. Ота жасалған екі адам жансақтау бөлімінде, жағдайлары ауыр. Жабық бас жарақатын алған тағы біреуі емделуде», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).