ОРАЛ. KAZINFORM — Ақсай қаласында көпқабатты үйдегі өрт кезінде зардап шеккен екі бала облыс орталығына жеткізілді.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, 22 қараша күні таңмен 4-қабатта пәтер өртеніп, екі бала терезеден секірген еді.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өрт салдарынан 8 және 4 жастағы екі ұл бала, 1981 жылғы әйел Бөрлі аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған болатын.
«Жұма күні кешкісін екі бала санавиациямен Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі кезде екеуі де травматология бөлімшесінде қажетті емін алуда. Ал әйел 2-3-дәрежелі 45-50 пайыз күйік жарақатын алған. Күні бүгін Бөрлі аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде емделуде. Жағдайы тұрақты ауыр», — деп хабарлады ведомстводан.
Еске салсақ, өткен аптада Ақсай қаласында көпқабатты тұрғын үйде өрт болды. Салдарынан 2 бала, 1 әйел жансақтау бөліміне жатқызылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).