БҚО делегациясы Саратов облысында өткен Наурыз тойына барып қайтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған Ақ Жайық өңірінің делегациясы көршілес Саратов облысы Ершов ауданында өткен Наурыз мейрамын тойлауға қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Батысқазақстандық делегацияны Саратов облысының вице-губернаторы Игорь Пивоваров қабылдап, кездесуде қос өңір арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.

Наурыз мерекесіне Саратов өңірінің әр ауданында тұратын қандастарымыз келіп, бір-бірімен құшақ жая көрісіп, мерейлері өсіп қалды. Орталық саябақта жиырмаға жуық ақ шаңқан киіз үй тігіліп, көрме, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Келушілерге наурыз көже ұсынылып, ас берілді. Өнерпаздар қазақ батырларының бейнесінде қарсы алса, ұлттық киім киген ақсақал-әжелерден бастап жастарға дейін түрлі шараларға белсене қатысты.
 

Мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарламада саратовтық әртістермен бірге Батыс Қазақстан облысынан арнайы барған «Назерке» халықтық би ансамблі өз өнерлерін көрсетті.

Наурыз мерекесінің ынтымақ-берекені арттыратын игі дәстүр екендігін атап өткен Игорь Пивоваров Саратов пен Батыс Қазақстан облыстары арасында экономика, бизнес, мәдениет, өнер сынды салаларда тығыз байланыс орнағандығын жеткізді. Саратов облысында да түрлі ұлт өкілдерінің мейрамдары ортақ мереке ретінде тойланады.

Саратовтық ағайындарды құттықтаған БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Ақ Жайықта сан ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл орайда Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы  көптеген істерге ұйтқы болып келеді. Әсіресе, өткен жылдың ақпанында Оралда Достық үйі ашылғаннан кейін өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктердің өз  мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін сақтап, дамытуына толық жағдай жасалды.
 

Саратов облысындағы Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының  тең төрағасы Руслан Бисенғалиевтің айтуынша, өңірде 2 млн. астам халық болса, соның 80 мыңнан астамы - қазақтар. Облыста Наурыз мейрамы 1988 жылдан бері тойланып келеді. Ең бастысы, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дамытуға баса көңіл бөлінуде. Кейінгі жастардың ана тілін ұмытпауы үшін қадамдар жасалуда. Мысалы, таяуда Энгельс ауданында қазақ тілін үйрететін курстар ашылмақшы. Бұл ретте Қазақстаннан әдістемелік және басқалай көмек көрсетіліп тұрады.

Айта кетейік, Наурыз мерекесі Саратов облысында жыл сайын әр ауданда кезекпен ұйымдастырылып келеді. Мысалы, 2016 жылы Александров Гай ауданында өтсе, алдағы жылы Красный Кут ауданында жалғаспақшы.