ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданында қазақ күресінен Қазақстанның тұңғыш абсолютті чемпионы, Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған республикалық турнир мәреге жетті.
Айтулы додада абсолютті салмақ дәрежесінде финалда қызылордалық Айбек Серікбаев пен шымкенттік Әділжан Ыстыбаев белдесті. Үш минутта қарсыласын таза жеңген А.Серікбаев чемпион атанып, «түйе палуанға» тігілген 250 мың теңгені ұтып алды. Батыс Қазақстанның Бөрлі ауданынан келген Темірлан Көлбай үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, 100 келі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Оларға да дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Айта кетейік, аталмыш жарыс аудан әкімі, атақты спортшы Асхат Шахаровтың бастамасымен биыл екінші рет ұйымдастырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).