БҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жаңа басшы тағайындалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов өңір басшысы Алтай Көлгіновтің өкімімен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып тағайындалған Қайсар Зәкірұлы Маңқараевты аталған мекеме ұжымына таныстырды.

Арман Кәрімұлы Қайсар Маңқараевтың осыған дейін түрлі жауапты қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтағанын атап өтіп, табыс пен жемісті жұмыс тіледі. Қ.Маңқараев өзіне көрсетілген сенім үшін алғысын білдірді.

Қ.Маңқараев 1979 жылы дүниеге келген. Жоғары қаржы-экономикалық білімі бар, экономист-бухгалтер.

Ол еңбек жолын 2004 жылы ҚР Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төлемге қабілетсіз кәсіпорындар бөлімінің жетекші маманы болып бастады. 2005-2010 жылдары Астана қаласында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) қызметкері болды. 2010-2012 жылдары «ҚР Парламенті шаруашылық басқармасы әкімшілік ғимараттар дирекциясы» РМКК директорының орынбасары болды.

2012 жылдың шілдесінен - «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, төраға міндетін атқарушы.

2013 жылдан бері Орал қаласы әкімінің экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келді.

Айта кетейік, бұдан бұрын БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған Бибігүл Қонысбаева биылғы 5 сәуірде облыс әкімінің экономика, қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалған еді.