БҚО-ға 1300 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынына ұшыраған Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмек әуе, автокөлік және пойыз арқылы жеткізіліп жатыр. Бұл туралы осы өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш мәлім етті.

Фото: Ұлттық ұлан

«Бүгінде барлығы 14 019 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5793 бала бар. 12 эвакуациялау пунктінде 2 428 адам бар, оның 1038-і бала. Одан бөлек 5 078 бас мал қауіпсіз жерге айдалды. 5 сәуірден бастап облыстық гуманитарлық көмек қабылдау штабына 1 300,4 тонна гуманитарлық көмек түсті, атап айтқанда 81,1 тонна көмек әуе кемесі арқылы және 1 219,3 тонна жүк автокөлік және пойызбен жеткізілді», - деді Нұржан Төлеуіш ОКҚ-де өткен брифингіге ZOOM арқылы қатыса отырып. 

Қазір БҚО-да 1 104 мың текше метрден астам еріген су сорылды, сонымен қатар 1 301 481 қап және 26 638 мың тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 1 596 адам, 477 техника, 63 су айдау және 151 жүзу құралдары, 1 әуе кемесі тартылды. 

«Жергілікті ауқымдағы 6 төтенше жағдай (БҚО, Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі және Теректі ауданы) күшін жоймады. «Жедел желі» телефонына 756 қоңырау түсіп, оның ішінде 13 шұғыл психологиялық көмек сұрады, қалғаны ақпаратты анықтау сипатында», - дейді ол.