ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл Батыс Қазақстан облысына алдын ала мәлімет бойынша медициналық ЖОО-ларды бітірген 127 түлек келмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалиұлының айтуынша, ұйымдастыру шаралары нәтижесінде өңірде кадр тапшылығы едәуір төмендеді.
Дегенмен қазіргі таңда 207 дәрігер жетіспесе, соның 154-і Оралға, 53-і аудандарға керек. Әсіресе, 51 жалпы тәжірибе дәрігері (жалпы жетіспестіктен алғанда, 25 пайыз), 25 акушер мен гинеколог (12 пайыз), 19 анестезиолог пен реаниматолог (10 пайыз) және 10 кардиолог (5 пайыз) қажет.
«Кадр мәселесін шешу мақсатында ұзақ мерзімді жоспарлау бойынша 2017 жылы жергілікті түлектерді медициналық ЖОО-ларда оқыту үшін 24 грант бөлінді. Биыл қосымша 20 грант берілмек. Жеті жылдан кейін бұл мамандар облысқа келіп, кемінде бес жыл жұмыс жасайды. Оған қоса орта мерзімді жоспарлауға сәйкес резидентура мен магистратура бойынша 48 маманды даярлауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлу көзделуде», деді Нұрданат Беркінғали.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).