БҚО-ға Қостанайдан көмек келді

None
ОРАЛ. 25 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Су тасқынынан зардап шеккен батысқазақстандықтарға Қостанай облысынан гуманитарлық көмек келді.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Атауовтың айтуынша, бұдан бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан 20 тонна астық, Ақтөбе өңірінен дәрі-дәрмек жеткізілген. Қайырымдылық көмек ретінде жан-жақтан келіп жатқан азық-түлік, дәрі-дәрмек «Фармсервис» компаниясына қарасты «Аттис Орал Агро» көкөніс қоймасына түсіріліп, сонда сақталуда.

- Мұнда қойманың ішін қалыпты температурада ұстап тұратын германиялық қондырғы, тоңазытқыштар бар, - деді өз әңгімесінде Б. Атауов. - Қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі комиссияның шешімімен Ақжайық, Теректі, Зеленов, Тасқала аудандарына бөлінген тиісті көмек - жүкті жөнелттік.

- Қостанайдан Оралға дейінгі 1300 шақырымды бір тәулік бойы жүріп жеттім. Жүкті аман-есен жеткізейін деп көзімді де ілмедім, - деді «МАN» көлігінің жүргізушісі Алдан Мұсабаев. - Облыс атынан «ДЕП» сүт өнімдері компаниясы 6500 тонна өз өнімдерін жіберді. Оның ішінде қорап-қорап сүт, сары май, ірімшік және өзге де өнімдер бар.