БҚО-ға Ұлттық қордан 11,1 млрд. теңге бөлінді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев биылғы бірінші жартыжылдық қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес кәсіби, автономды мемлекеттік аппарат құру бойынша 15 қадамға байланысты негізгі бағыттарға тоқталды.

Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі мансаптық жоғарылату моделіне көшу барысында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданғандар тек төменгі лауазымнан бастайтындығын, 2016 жылдың 1 қаңтарынан фактор-балдық шкала бойынша еңбекақы төлеуге ауысудың жай-жапсарын тілге тиек етті. Ең бастысы, алдағы реформа мемлекеттік аппараттың одан әрі кәсібиленуіне негізделіп отыр. Бұл жаһандық дағдарыс жағдайында бәсекеге қабілеттілік артып, мемлекет басшысы Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына кіруін басты бағыт етіп қойып отырған мезгілде айрықша маңызды.

БҚО-дағы мемлекеттік органдарда жалпы штат саны 4475 болса, соның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер - 7, «А» корпусындағылар - 19, «Б» корпусындағылар - 4449. Қазіргі таңдағы мемлекеттік қызметшілердің нақты саны - 4167.

Жыл басынан бері департамент бастамасымен бірлескен бұйрық негізінде білім беру саласына жүргізілген талдау барысында анықталғанындай, Орал қаласы білім беру бөлімінің мамандары электронды үкімет веб-порталындағы тізімнен басқа тізім жасап, мектепке дейінгі оқыту-тәрбиелеу мекемелеріне жолдама беріп келген. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарының ақылы мемлекеттік қызмет бағасын негізсіз өсіргендігі белгілі болды.

Департамент тәртіптік-әкімшілік тәжірибе және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ж.Мұратовтың мәліметіне қарағанда, биылғы алты айда тәртіптік кеңестің 11 отырысында 65 тәртіптік іс қаралды. Соның 31-і бойынша тәртіптік жаза қолдану жөнінде ұсыныс енгізілді. Соның нәтижесінде екі адам қызметімен қош айтысса, 24-іне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді. Бір адамға - қатаң сөгіс, үшеуіне - сөгіс, тағы біреуіне ескерту «бұйырды». Департамент жүргізген 32 тексеру барысында 95-тен астам заңбұзушылық анықталып, соған сәйкес 20 мемқызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің бос лауазымдарына конкурс өткізу кезінде әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бес бірдей мемлекеттік қызметшісіне қатысты хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен сол бес тұлғаға 30 АЕК көлемінде (297,3 мың теңге) айыппұл салынып, ол төленді.

Департамент сотқа дейінгі тергеу басқармасының басшысы С.Мұстафиннің мәлім еткеніндей, есепті кезеңде 318 сотқа дейінгі материал түзілсе, соның 98-і - сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыстық істер. Департаменттің өзімен 129 құқықбұзушылық тіркелді. 198 қылмыстық іс өндірісі аяқталып, соның 42-сі сотқа жіберілді.

Департаментпен 14 пара алу, 10 пара беру, 1 парақорлыққа делдал болу деректерімен 25 қылмыстық іс тіркелді. Мысалы, Бөрлі аудандық сотының үкімімен жеке кәсіпкерден 300 мың теңге пара алған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Саратаев айыпты деп танылып, оған 42 млн. теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.

Шағын және орта бизнес қызметіне мемлекеттік органдар лауазымды қызметкерлерінің заңсыз араласу және кедергі келтіру деректері де жоқ емес. Жыл басынан бері осындай дерек бойынша шенеуніктерге қатысты 5 қылмыстық іс қозғалса, соның үшеуі бойынша айыптау үкімі шығарылды.

Әлемдік дағдарысқа қарсы «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» бағдарламасы аясында облысқа ҚР Ұлттық қорынан 11,1 млрд. теңге бөлінді. Осыған орай аталған бағдарламаның жүзеге асырылу барысы, қаржы бөлінген нысандар ерекше бақыланып отырылады. Оған қоса сатып алу құнының көтерілуіне байланысты мемлекеттік сатып алуларға да күнделікті талдау жүргізіледі. Жыл басынан бері департаменттен мемлекеттік мекемелерге жіберілген ұсыныс хаттардың нәтижесінде 61,0 млн. теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына жол берілген жоқ. Мемлекеттік сатып алулар барысында лауазымды тұлғалар жасаған 8 қылмыс ашылды. Айталық, Ақжайық аудандық сотының үкімімен абаттандыру мен көгалдандыруға бөлінген 660 мың теңгені ысырап қалған деп айыпталған Көнеккеткен ауылдық округінің әкімі Е.Жексемғазиевке ҚР ҚК 63-бабына сәйкес шартты түрде 1 жылға еркінен айыру жазасы белгіленді. Қазіргі таңда сотқа жолданған 27 қылмыстық істің 12-сі бойынша 14 тұлғаға қатысты сот үкімі шықты.