- Мереке Серікұлы, Қазынашылық ғимараты қашан салынды, оның бой көтеруіне не себеп болды?
- Бөкей ордасындағы Қазынашылық (казначейство) мекемесінің ғимараты — ХІХ ғасырдан бүгінгі күнге жеткен тарихи-архитектуралық ескерткіштердің бірі. Ғимарат 1867 жылы қызыл кірпіштен тұрғызылып, сол кезеңдегі Хан ставкасының сәулеттік келбетіне өзіндік ерекшелік қосқан. Қарапайым әрі жинақы архитектуралық шешімімен ерекшеленетін нысанның қасбетінде торланған он үш терезе орналасқан. Бұл элементтер ғимараттың сыртқы көрінісіне көрік беріп қана қоймай, ХІХ ғасырдағы құрылыс үлгісінің айрықша сипатын да аңғартады.
Қазынашылық мекемесінің бой көтеруі Бөкей ордасындағы экономикалық және сауда-саттық қатынастардың дамуымен тікелей байланысты болды. Жәңгір ханның бастамасымен 1832 жылы Хан ставкасында ұйымдастырылған жәрмеңке уақыт өте келе өңірдегі маңызды сауда орталықтарының біріне айналды. Жәрмеңкеге жан-жақтан саудагерлер мен кәсіпкерлер жиналып, түрлі тауарлар айырбасы мен сауда айналымы кеңейді. Соның нәтижесінде ішкі ақша айналымының көлемі жыл сайын арта түсті.
Сауда-саттықтың қарқын алуы қаржыны сақтау, есепке алу және оның айналымын реттейтін арнайы мекеменің қажеттілігін туғызды. Осы мақсатта салынған Қазынашылық ғимараты Бөкей ордасының қаржылық-шаруашылық жүйесінде маңызды қызмет атқарған. Мұнда мемлекет қаражатын сақтау, қаржы операцияларын жүргізу және ақша айналымын бақылау секілді жұмыстар жүзеге асырылған.
Ғимараттың бой көтеруі Хан ордасындағы басқару жүйесінің біртіндеп жетіліп, сауда-экономикалық қатынастардың жаңа сипатқа ие болғанын көрсетеді. Сондықтан Қазынашылық ғимаратын тек сәулет ескерткіші ретінде ғана емес, Бөкей ордасының әлеуметтік-экономикалық тарихынан сыр шертетін маңызды тарихи нысан ретінде де бағалауға болады. Бүгінде бұл ғимарат республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген Хан ставкасындағы өткен дәуірдің тынысын сақтап, өңірдің тарихы мен мәдени мұрасын танытатын құнды ескерткіштердің қатарында.
- Қазынашылық банк ретінде қызмет атқарды ма, оның ауқымы қаншалықты болды?
- Бөкей ордасындағы банк жүйесінің қалыптасуын 1854 жылғы 27 желтоқсанда несие (ссудалық) кассаның құрылуымен байланыстыруға болады. Бұл жөнінде Хан ордасы музей-қорығының қорында сақталған архивтік құжаттарда нақты дерек бар. Ссудалық касса сол кезеңдегі халықтың әлеуметтік жағдайын жеңілдетуге бағытталған қаржылық мекеме болды. Әсіресе, қыс қатты болып, мал шығыны көбейген немесе өзге де қиын жағдайларға тап болған тұрғындарға қайтарымды түрде қаржылай көмек көрсетілді. Қазіргі түсінікпен айтқанда, касса халыққа несие берумен айналысқан. Осы тұрғыдан алғанда, Бөкей ордасындағы ссудалық кассаны өңірдегі алғашқы банк сипатындағы қаржы мекемесі деп бағалауға толық негіз бар.
Кассадан несие алу белгілі бір тәртіппен жүзеге асырылды. Алғашқыда оның капиталы күміс ақшамен 10 мың сом көлемінде белгіленгенімен, бұл қаражат халықтың қаржылық қажеттілігін толық өтеуге жеткіліксіз болды. Соған байланысты касса капиталы кейін 50 мың сомға дейін ұлғайтылды. Дегенмен бұл сома да жеткіліксіз деп танылып, кейінгі кезеңдерде қаржы көлемі одан әрі арттырылды. 1858 жылы ссудалық кассаның қызметін реттеу мақсатында арнайы ереже қабылданды. Алайда аталған ережелер несиеге мұқтаж халықтың қаржы алуына бірқатар қиындықтар туғызды. Осыған байланысты 1874 жылғы 9 қазанда жаңа қаулы қабылданып, кассадан несие алу талаптары жеңілдетілді. Сол кезеңде кассаның капиталы 76 560 сомға жеткен.
Бөкей ордасының қаржы тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан аумағындағы алғашқы қазынашылықтың бірінің осы өңірде ашылуы. Бөкей ордасында қазынашылық 1866 жылғы 1 тамызда алғаш рет құрылды. Әйтсе де оның қалыпты жұмыс істеуіне қажетті бірқатар мәселелер, атап айтқанда, ақша сақтайтын қойма, оны күзету, қызметкерлер штаты мен олардың еңбекақысын қамтамасыз ету сияқты ұйымдастырушылық мәселелер толық шешілмеген еді. Осы себепті мекеменің қызметін қайта ұйымдастырып, оны жаңадан ашу қажеттілігі туындады.
1867 жылғы 29 мамырда Мемлекеттік кеңес қазынашылықты сол жылдың 1 шілдесінен бастап қайта ашу туралы шешім қабылдады. Осылайша, Бөкей ордасындағы қазынашылық ресми түрде 1867 жылғы 1 шілдеден бастап өз жұмысын қайта бастады. Мекеме әкімшілік жағынан Астрахань Қазына палатасына бағынышты болды. Қазынашылықтың алғашқы жылындағы қажеттіліктеріне мемлекет тарапынан 1 715 сом қаржы бөлінді. Мекеменің бастапқы штатында қазынашы, хатшы және екі кіші қызметкер қызмет атқарды. Ал 1868 жылға арналған қызмет сметасында Мемлекеттік қазынашылық департаменті Қаржы министрлігіне Бөкей ордасы қазынашылығына бөлінетін қаржы көлемін 3 430 сомға дейін жеткізуді ұсынды.
Қазынашылық тек мемлекеттік қаражатты сақтайтын орын ғана емес, сонымен бірге ақша қаражатының қозғалысы мен айналымын бақылап, реттейтін маңызды қаржылық мекеме болды. Сондықтан оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Мекемеге арнайы әскери қарауыл бекітіліп, қызметкерлердің тұрмыстық жағдайына көңіл бөлінді. Оларға еңбекақымен қатар қызметтік үй беріліп, қажетті коммуналдық жағдайлар жасалды.
Сөйтіп, XIX ғасырдың екінші жартысында Бөкей ордасында несие беру, мемлекеттік қаражатты сақтау және қаржы айналымын реттеу бағытында алғашқы кәсіби мекемелер қалыптасты. Ссудалық кассаның халыққа қаржылай қолдау көрсетуі және қазынашылықтың мемлекеттік қаржыны басқару жүйесіне енуі өңірдегі қаржы институттарының дамуына негіз қалады.
- Ғимаратта басқа мекемелер орналасты ма, музей мәртебесіне қашан ауыстырылды?
- Бөкей ордасындағы қазынашылық ХІХ ғасырдың екінші жартысында аймақтың қаржылық-шаруашылық жүйесінде маңызды қызмет атқарған мемлекеттік мекемелердің бірі болды. 1876 жылы қазынашылық мекемесі Орал қаласына көшіріліп, өзінің қызмет ауқымын кеңейтті. Осы кезеңнен кейін Ордадағы аталған ғимарат өзге де мемлекеттік мекемелердің қажеттілігіне пайдаланылды. Тарихи деректерге сүйенсек, 1948 жылдарға дейін Мемлекеттік банк мекемесі ретінде қызметін жалғастырған. 1948 жылдан кейін ғимараттың қызметтік бағыты өзгеріп, ол әр кезеңде жергілікті қажеттіліктерге пайдаланылды. Мысалы, 1952 жылы Орда ауданы таратылған кезде механизаторлар мектебінің асханасы ретінде қызмет атқарды.
Тарихи ғимарат 1969 жылы Орда тарихи-революциялық музейінің қарамағына берілді. Содан бері нысан Бөкей ордасының бай тарихын кейінгі ұрпаққа таныстырып келе жатқан мәдени-тарихи орынға айналды.
- Тарихи ғимаратты музей ретінде пайдалану бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
- Әр кезеңде музейдің материалдық-техникалық базасын жетілдірумен қатар, тарихи жәдігерлерді ғылыми тұрғыдан жүйелеу, экспозициялық кеңістікті заман талабына сай жаңарту және келушілерге тарихи-мәдени мұраны таныстыру бағытында ауқымды жұмыстар жасалды. 1967 жылы музейге мемлекеттік мәртебе беріліп, 1969 жылы мекеме бұрынғы Қазынашылық ғимаратына көшірілді. 1972 жылы музей экспозициясын сол кезеңнің талаптарына сай қайта жасақтау міндеті қойылды. Жаңа экспозицияны әзірлеу барысында оның ғылыми негізділігіне, тарихи деректердің шынайы әрі дәйекті берілуіне, тақырыптық тұтастығы мен көркемдік шешіміне айрықша мән берілді.
Музей экспозициясын көркемдік тұрғыдан безендіру мақсатында РСФСР Көркемдеу қорының Саратов қаласындағы бөлімінің суретшілерімен келісім жасалды. Экспозицияны әзірлеу барысында музей қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, әрбір залдың тақырыптық мазмұнын ашуға, тарихи кезеңдердің ерекшеліктерін көрнекі түрде жеткізуге атсалысты. Музей мамандарының ғылыми ізденісі мен суретшілердің кәсіби шеберлігінің үйлесуі нәтижесінде мазмұны терең, көркемдік шешімі жоғары жаңа экспозиция қалыптасты. Сол кезеңдегі бұл экспозиция республика көлеміндегі ауылдық жерлерде орналасқан музейлер арасындағы озық үлгілердің бірі ретінде бағаланды.
Музей ғимаратының материалдық жағдайын жақсарту және экспозициялық залдарды жаңарту жұмыстары кейінгі жылдары да жалғасын тапты. 1982 жылы Орда тарихи-революциялық музейі залдарын көбейту мақсатында ғимаратқа қосымша құрылыс салынды. 1984 жылы «Казмузейреставрация» мекемесінің мамандары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі бекіткен тақырыптық жоспарға сәйкес, Орда музейінің экспозициялық залдарында күрделі жөндеу және безендіру жұмыстарын бастады. Жөндеу барысында ғимараттың ішкі сәулеттік келбетін сақтай отырып, бірқатар құрылыс-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Залдар мен бөлмелердің қабырғалары мен төбелерінің сылақтары жаңартылып, едендеріне паркет төселді.
Сонымен қатар электр желісі толық ретке келтіріліп, ғимараттың шатырындағы қаңылтыр жабындысы ауыстырылып, сырлау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар музей ғимаратының техникалық жағдайын жақсартумен қатар экспозициялық кеңістіктің көркемдік тұтастығын сақтауға мүмкіндік берді. Сол кезеңде музей аумағын абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. 1986 жылы қосымша құрылысымен жаңарған, күрделі жөндеуден өткен музей толықтай аяқталды. Жаңадан жасақталған музей экспозициясы Бөкей ордасының тарихи даму кезеңдерін кеңінен қамтып, мазмұндық жағынан едәуір толықтырылды. Экспозицияның алғашқы екі залы Қазан төңкерісіне дейінгі Орда тарихына арналды. Мұнда хандық биліктің қалыптасуы мен орнығуы, білім беру ісінің басталуы мен алғашқы мектептің ашылуы, сондай-ақ 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісіне қатысты құнды тарихи жәдігерлер көрініс тапты.
Тарихи оқиғалардың мазмұнын көрнекі түрде ашу мақсатында экспозицияға «Жылқышы қосы», «Тастөбе шайқасы», «Мәншүктің соңғы ұрысы» атты диорамалар енгізілді. Кеңестік кезең тарихын қамтитын бес залда Бөкей ордасының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму барысын сипаттайтын материалдар жинақталды.
- Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болар?
- 1997 жылы Қазынашылық ғимаратында кезекті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2002 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып, оның құрылымдық және инженерлік жүйелерін жаңарту бағытында жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде музей ғимаратының тарихи және сәулеттік келбетін, онық ерекшелігін бастапқы қалпында сақтау мақсатында кейіннен салынған қосымша құрылыс бөліктері алынып тасталды.
Музей ғимаратын жаңғырту жұмыстары кейінгі жылдары өз жалғасын тапты. Соның бірі - 2024 жылы аталған жұмыстарды Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесінің Орал қаласындағы филиалы жүргізді. Мұндағы басты мақсат тарихи ғимараттың сәулеттік және мәдени құндылығын сақтай отырып, оның қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету болды. Жұмыс барысында ғимараттың техникалық жай-күйіне назар аударылып, оның тарихи болмысы мен сәулеттік ерекшеліктерін барынша сақтау қағидаты басшылыққа алынды. Бұл ретте музей ғимаратының тарихи келбетін жоғалтпай, оны заманауи музей талаптарына бейімдеу мәселесіне айрықша мән берілді.
- Қазір музей ғимараты қанша бөлмеден тұрады?
- Қазынашылық ғимаратында күні бүгін «Бөкей ордасы тарихының музейі» орналасқан. 2027 жылы салынғанына 160 жыл болатын бұл тарихи ғимарат Бөкей ордасының өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, өлке тарихын көпшілікке таныстыратын маңызды мәдени-ағартушылық орталыққа айналып отыр. Музей экспозициясы кіреберіс бөлме мен үш көрме залынан тұрады. Әр залдың тақырыптық мазмұны белгілі бір тарихи кезеңді қамтып, Бөкей ордасының құрылуынан бастап қазіргі кезеңге дейінгі саяси, әлеуметтік, мәдени және қоғамдық даму жолын жүйелі түрде көрсетеді.
Ең алдымен кіреберіс бөлмеде 1842 жылы жасалған Бөкей ордасының территориялық картасы және Хан Ставкасының 1911 жылғы панорамалық көрінісі қойылған. Бұл құнды тарихи материалдар келушілерге Бөкей ордасының аумақтық құрылымы, географиялық орналасуы және Хан Ставкасының сол кезеңдегі сәулеттік келбеті туралы алғашқы түсінік береді. Әсіресе, Хан Ставкасының панорамалық көрінісі сол дәуірдегі әкімшілік орталықтың өзіндік болмысын көзбен шолып, тарихи ортаның ерекшелігін сезінуге септеседі.
- Енді залдардағы экспозицияларға қысқаша тоқтала кетсеңіз?
- Бірінші залдың экспозициясы Бөкей ордасының құрылу тарихынан басталып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске дейінгі тарихи кезеңді қамтиды. Бұл залда Бөкей хандығының қалыптасуы, оның саяси-әкімшілік құрылымы, хандық биліктің орнығуы, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері және сол кезеңдегі халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәліметтер жүйелі түрде ұсынылған.
Екінші залдың сол жақ қабырғасында ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының саяси өміріне қатысты маңызды тарихи оқиғалар көрініс тапқан. Атап айтқанда, мұнда Алаш үкіметінің құрылуы, Ордада жасақталған қазақтың тұңғыш атты әскер полкі, сондай-ақ қуғын-сүргін жылдарының қасіреті туралы материалдар орналастырылған. Бұл бөлімдер ел тарихындағы күрделі де тағылымды кезеңдерді қамти отырып, ұлттық мемлекеттілік идеясының қалыптасуын, елдің азаттығы жолындағы азаматтардың қызметін және тоталитарлық жүйе жылдарындағы саяси қуғын-сүргіннің зардаптарын таныстырады.
Екінші залдың оң жақ қабырғасында өлке тарихының кейінгі кезеңдеріне арналған тақырыптар қамтылған. Мұнда қайта құрылған «Орда» кеңшарының тарихы, музейдің қалыптасуы мен даму жолы, денсаулық сақтау саласының тарихы, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар және Бөкей ордасына әр жылдары арнайы ат басын бұрған белгілі қонақтар туралы деректер берілген.
Үшінші залдың экспозициясы негізінен ХХ ғасырдың әскери тарихына арналған. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Бөкей ордасы тұрғындарының майдандағы ерлігі мен тылдағы еңбегін сипаттайтын материалдар қойылған. Сонымен қатар Ауған соғысына қатысқан жерлестердің тағдыры мен ерлік жолы туралы деректер ұсынылған.
- Сонда барлығы қанша экспонат қойылған және тарихи жәдігерлер қоры осында сақталады ма?
- Қазіргі таңда музей экспозициясында музей-қорықтың қорынан алынған 211 экспонат көпшілік назарына ұсынылған.
Музейдің қор сақтау жүйесінде де соңғы жылдары елеулі өзгерістер болды. 2024 жылға дейін музей-қорықтың негізгі қорындағы музейлік заттардың бір бөлігі осы тарихи ғимараттың ішіндегі арнайы бөлінген екі бөлмеде сақталған болатын. Алайда қордағы жәдігерлер санының артуы, оларды сақтау талаптарының күшеюі және музей қорын заманауи талаптарға сай ұйымдастыру қажеттілігі арнайы қор сақтау кеңістігін қажет етті.
Осыған байланысты негізгі қор 2024 жылы музей-қорық аумағында салынған жаңа үлгідегі әкімшілік ғимаратқа көшірілді. Бұл қадам музейлік құндылықтарды сақтау, есепке алу, ғылыми зерттеу және жүйелеу жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік берді. Қордың арнайы жабдықталған жаңа ғимаратқа орналастырылуы тарихи жәдігерлердің сақталу жағдайын жақсартумен қатар, музей экспозицияларын жаңарту мен толықтыруға да кең жол ашты.
Қорыта айтқанда, музейдің қазіргі экспозициялық құрылымы мен қор сақтау жүйесінің жетілдірілуі оның тарихи мұраны сақтау мен насихаттаудағы рөлін одан әрі арттыра түсті. Тарихи ғимараттың өзі де музей экспозициясының ажырамас бөлігі ретінде қабылданып, оның қабырғасында сақталған жәдігерлер мен тарихи деректер Бөкей ордасының өткені мен бүгінін жалғастырып тұрған рухани көпір іспетті.
- Әңгімеңізге рақмет!
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Хан ордасы музей-қорығы қалай жаңғыртылып жатқанын жазған едік.