Хан ордасы музей-қорығы қалай жаңғыртылып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Бөкей ордасы ауданында орналасқан Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының қалай жаңғыртылып жатқаны жөнінде мекеме директоры Ғайса Махимов әңгімелеп берді.

музей
Фото: Мират Қоржынбаев

— Ғайса Темірболатұлы, тура екі ғасырға жуық уақыт бұрын Жәңгір хан іргесін қалаған Хан ордасы ауылы Қазақстандағы бірегей мекен екені белгілі. Музейдің өзіндік тарихы қалай қалыптасты?

— Алдымен музейдің тарихына тоқтала кетейін. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқармасына қарасты Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы 1962 жылдан бастау алады. Бастапқыда Орда тарихи-революциялық музейі ретінде ашылса, 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені болып өзгерді. Бір жылдан кейін кешен Халықаралық музейлер кеңесінің мүшелігіне қабылданып, Парижде тіркелді. 2017 жылы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындарының» қатарынан көрінсе, 2018 жылы кешен құрамындағы ХІХ ғасырдың тарихи-мәдени ескерткіштері республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер ансамблі ретінде ұлттық мәдени мұралар мемлекеттік реестріне енгізілді.

хан ордасы
Фото: Мират Қоржынбаев

Сол жылы кешен «Қазақстан Республикасының Ішкі және келу туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына, кейін ҚР Үкіметінің „ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы“ қаулысына сәйкес өңірлік деңгейдегі туристендіру картасы объектілерінің тізбесіне (ТОП-50) енді.

Ал 2019 жылдан бастап қазіргі атауымен аталып келеді. 

— Ендеше, музей-қорық құрамында қандай басты ескерткіштер бар?

— Хан ордасына келушілер республикалық маңызы бар 16 тарихи-архитектуралық ескерткіш, соның ішінде 13 ғимарат, 3 кесенені (Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей Шығайұлы, ғалым-этнограф М-С.Бабажанов) тамашалай алады. 

Күні бүгін Қазынашылық мекемесі ғимаратында — «Бөкей ордасының тарихы музейі», Хан сарайының сақталған шығыс бөлігінде (1828) — «Қару-жарақ палатасы музейі», дәрігер А.Сергачев тұрған үйде — ақын «Ш.Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі», Қыздар училищесі ғимаратында (1883) — «Халыққа білім беру музейі», Хан мешітінде (1835) — «Хан мешіті» мемориалдық музейі, мектеп инспекторының үйінде — «Тұңғыш қазақ баспаханасы» және қайта салынған Хан сарайының орталығы мен батыс бөлігінде «Хан сарайы» музейлері жұмыс жасауда. 

музей
Фото: Мират Қоржынбаев

Музей-қорықтағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне республикалық бюджеттен «Казреставрация» мекемесі арқылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Мұндай жұмыстардың атқарылуына облысымыздың қазіргі әкімі Нариман Төреғалиұлы Сенат депутаты болған кезінде өз ықпалын тигізді. 2020 жылдан бастап музей-қорықтағы бірнеше ғимаратты реставрациялауға Мәдениет министрлігінен қаржы бөлініп, көптеген шаруалар атқарылды. Сонымен қатар өңір басшысының тікелей қатысуымен 2022-2025 жылдарға да қайта жаңғырту жұмыстарына мемлекеттен қаржы бөлінуде.

— Тарихи ғимараттардың өңі кіріп қалды дейсіз ғой?

— Иә, мысалы, бұдан үш жыл бұрын 1852 жылы салынған тұңғыш аурухананың стационар ғимараты жаңартылды. 2022 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Сейтқали Меңдешевтің үйіне қаржы бөлініп, ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, «С.Меңдешевтің мемориалдық музейі» ашылды. Сол секілді «ҚПО б. в.» компаниясының инвестициялық қаражаты есебінен музей-қорыққа келетін туристерді қабылдап, ақпараттық-танымдық қызмет көрсететін визит орталығы мен әкімшілік ғимараты салынып, өткен жылы пайдалануға берілді. 
Сондай-ақ аурухананың 1872 жылы салынған амбулатория ғимараты мен мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның тұрған үйі (1842 жыл) қалпына келтірілді. Бұл мекен А.Оразбаеваға арналған мемориалдық музейге айналды.

музей
Фото: Мират Қоржынбаев

Биыл Қазынашылық ғимараты мен Хан сарайына қаражат қарастырылып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 

Алдағы уақытта «Хан мешіті», «Бөкей ордасында халыққа білімі беру музейі» («Қыздар гимназиясы» ғимараты), «Ш.Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі» (дәрігер А.Сергачев тұрған үй), «Тұңғыш қазақ баспаханасы музейі», Тарғын мектебі және хан Жәңгір, ғалым М.Бабажанов, күйші Д. Шығаевтың кесенелері қайта жаңғыртылмақшы. Оған қоса Жәңгір мектебінің оқу инспекторлары тұрған екі ғимарат ретке келтіріліп, музей ретінде жанданбақшы.
Астын сызып айтатын жайт, музей-қорық мәртебесін алуымыз тек бір музей аясында өлке тарихын насихаттап, жәдігерлерді көрсету емес, жалпы ауыл ішіндегі ХІХ-ХХ ғасырлардан қалған тарихи-архитектуралық ескерткіш ғимараттарды сақтауды қолға алып, сол арқылы туристерді қызықтыруға, туризмді кеңінен дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

— Мұны қалай пайдаланып отырсыздар?

— Шын мәнісінде Ресей Федерациясының көршілес Астрахан және Волгоград облыстарымен шектесетін Бөкей ордасының туристік-рекреациялық әлеуеті жоғары. Бай тарихымен қатар Хан ордасы келушілерді әсем табиғатымен ерекше тартады.

хан ордасы
Фото: Мират Қоржынбаев

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайынғы Жолдауларында халықтың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау, ішкі және сыртқы туризмді одан әрі ынталандыру, инвестиция тарту шараларын қабылдау туралы айтып келеді. Бұл ретте денсаулыққа пайдалы әсері бар Нарынның құмы мен қарағайлы орманы, сор балшығы мен емдік өсімдіктері осы жерде балаларға және ересектерге арналған сауықтыру орындарын, спорт кешенін ашуға болады. Болашақта туризмді дамыту мақсатында музей-қорық аумағын кеңейтіп, атты туризм, велотуризм, спорт алаңдарын, этноауыл, көрме алаңын, шаралар өткізетін жазғы клуб, демалыс орындарын жасақтау жоспарлануда.

— Музейге келушілер көп пе, ерекше құнды жәдігерлер жөнінде не айтар едіңіз?

— Музейге келушілер саны 23 мыңнан асады. Жыл сайын бұл көрсеткіш шамамен бес пайызға өсіп келеді. Көршілес Астрахан облысы, Володар ауданы, Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталықпен және «Волгоград облысының өңірлік қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымымен тығыз байланыстамыз.

Музей-қорық қорында 20 мыңнан астам жәдігер бар. Олардың арасында ең құндылары ретінде ХІХ ғасырдан сақталған Исатай Тайманұлының сарбазы Шотұлы Аренге сыйлаған қанжары, Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысқан Тоқпан батырдың найзасы, Шыналы Байтілеуовтың қоңыраулы найзасын айтуға болады.

қанжар
Фото: Мират Қоржынбаев

Сондай-ақ жыланбас жүген, сындырмалы домбыра, 300 жыл бұрынғы бал шелек, Қазынашылық мекемесінің мөрі мен сейфі, Ордадағы түрменің мөрі, күміс әшекей бұйымдар, ыдыстар, ат әбзелдері, қару-жарақ, қолөнер бұйымдары мен жиһаздар туристер назарын аударады. 

Бөкей ханның, Шығай сұлтанның, Жәңгір ханның мөр жүзіктерінің көшірмесі, қола дәуіріндегі пышақ, сол кезеңдегі қылыш, Бөкей мен Жәңгір хандардың тұсында ахун болған Ж.Хамадовтың кітабы және басқа жәдігерлер қорға алынды. 

— 2026 жылы Бөкей хандығына 225 жыл, Хан ордасына 200 жыл толмақшы. Осы орайда қандай жобалар қолға алынбақшы?

— Бұл атаулы даталардың біздің тарихымыз үшін маңызы ерекше. Бөкей хандығының құрылғанына 225 жыл, Жәңгір мектебінің ашылғанына 185 жыл толуына орай халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, Астана қаласындағы Ұлттық музейде, Алматыдағы Орталық музейде көрмелер, кітапханаларда кітап көрмелерін, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру көзделуде. Жастар, студенттер мен оқушылар арасында Бөкей ордасының тарихын, тарихи тұлғаларын насихаттау бағытында түрлі сайыс, челлендждер және басқа іс-шаралар өткізілмекші.

Жұмыстың бірсыпырасы зерттеу бағытына арналмақшы. Атап айтқанда, Бөкей хандығының тарихы, Бөкей, Жәңгір хандар және олардың ұрпақтары туралы құжаттарды жинақтау үшін Ресейдің Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Орынбор, Астрахан қалаларындағы, сондай-ақ Алматы мен Орал, Жәнібек, Казталов, Жаңақала, Жалпақтал ауылдарындағы мұрағаттарға іссапармен бару жоспарлануда. Тың деректермен толықтырып, музей-қорық қорындағы мұрағат құжаттарының жинақтарын бастыру ойда. 

музей
Фото: Мират Қоржынбаев

Жеңістің 80 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты музей-қорық қызметкерлері жинап, зерттеп-зерделеген жұмыстар негізінде «Ордалықтар отты жылдарда» кітабын жарыққа шығармақшымыз.

— Облыс орталығынан шалғай жатқан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарын жалғастыратын республикалық маңызы бар жолдың аяқталғаны мәлім. Енді Хан ордасы ауылына кіреберіс 21 шақырым жол салынып бітсе, туризмнің дамуына да оң әсерін тигізетін болар?

— Әрине! Хан ордасын күре жолмен байланыстыратын 21 шақырым жол тезірек бітсе дейміз. Хан ордасы ауылындағы А.Оразбаева, Жәңгір хан көшелеріне асфальт төселді. Осылайша, көлік қатынасы жақсарып келеді. Бұл музей-қорыққа бет бұратын туристер қатарын көбейтеді деп сенеміз.

мұражай
Фото: Мират Қоржынбаев

 

Соңғы жаңалықтар