ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Орал-Атырау жолы бойында, Богатск ауылы тұсында болған жол апатына байланысты тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ибрагим Жүсіпқалиевтің айтуынша, ВАЗ-21099 автокөлігінің жүргізушісі алдындағы көлікті басып озбақ болып, жолдың қарсы бетіне шыққан. Салдарынан Дэу Нексиямен соқтығысқан.
Жол апатынан Дэу Нексия көлігінің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова нақтылағандай, жол апаты салдарынан бір адам қаза тауып, 8 адам жарақат алған.
«Соның үшеуі Ақжайық аудандық ауруханасына жатқызылды. Бесеуі кеше облыстық клиникалық ауруханаға жүгінген. Оның біреуіне ота жасалып, қазір жансақтау бөлімінде. Бір бала кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына орналастырылды, жағдайы ауыр. Жарақат алғандардың бәрі де бақылауда», - деді ол.
Айта кетейік, кеше Батыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райына байланысты барлық бағыттар бойынша жолдар жабылған болатын. Бүгін таңертеңгі 08.00-де қозғалысқа қайта рұқсат етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).