ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 3 қарашадағы Жарлығымен Тельман Шамауұлы Ибрашев БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жаңа қызметіне кіріскен Т.Ибрашевты Батыс Қазақстан облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Нағашыбаев БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ұжымына таныстырды.
Т.Ибрашев 1961 жылы 12 сәуірде Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген. 1987 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тамамдаған.
Кәсіби еңбек жолын 1987 жылы бастап, содан 1996 жылға дейін Орда аудандық сотының халық судьясы болды. 1996-2007 жылдары Орал қалалық, 2007-2011 жылдары Зеленов аудандық №2 сотында еңбек еткен Т.Ибрашев 2011-2016 жылдары Шыңғырлау аудандық сотының төрағасы болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).