Кеңес отырысында айтылғанындай, БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы К.Ермекқалиева биылғы сәуірде Орал қалалық сотының үкімімен ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оған параның алпыс еселенген мөлшерінде, яғни 12 млн теңге айыппұл салынған болатын.
К.Ермекқалиева БҚО дін істері басқармасы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ның қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізіп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында заңбұзушылықтарды анықтаған. Содан кейін ол аудиттік тексерудің оң қорытындысын шығару үшін дін істері басқармасының сол кездегі басшысы С.Ғиззатовтан 200 мың теңге көлемінде пара талап етіп, ақша алу кезінде ұсталған еді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті жүргізген қызметтік тексеру барысында Ермекқалиеваның тікелей басшысы М.Ақмалиевтің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын жасағаны анықталды. Тергеу жүргізіліп жатқан кездің өзінде-ақ К.Ермекқалиева параны М.Ақмалиевтің талап етуі бойынша алғанын көрсеткенімен, оны сотта дәлелдей алмаған.
Бүгін отырыста Әдеп жөніндегі кеңес мүшелеріне видео көрсетілді. Онда Ермекқалиеваның Ақмалиевтің кабинетіне кіріп, «сөйлесейік», деп алып шыққаны, содан кейін дін істері басқармасын тексеру барысында заңбұзушылықтар бар екені, оны шешу керектігі жөнінде жұмбақтап сөйлескені көрінеді. Әңгіме барысында «200 ұсынады» деген секілді сөздер айтылады. Қорытынды шешімін тезірек айтыңыз деген Ермекқалиеваның сөзіне Ақмалиев жауап бермейді.
Отырыста М.Ақмалиев қарауындағы қызметкерге сеніп, оның сөзін тоқтатпағанын, тиісті органдарға хабарламағанын айтып, соған ғана өзін кінәлі санайтынын жеткізді.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік істі саралай келе, М.Ақмалиевті мемлекеттік қызметші міндеттерін сақтамағаны үшін оны қызметінен босату туралы ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасына ұсыныс жасауды жөн деп тапты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын пара алған К.Ермекқалиеваға 12 млн теңге көлемінде айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.
20:01, 08 Маусым 2018
БҚО: қарауындағы қызметкер пара алған басшыны қызметінен босату ұсынылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес бүгін ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Меңдібек Ақмалиевтің тәртіптік ісін қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.