ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО прокуратурасы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалдарын тексерген кезде бюджеттік қаржының орынсыз жұмсалғандығын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы өңірдегі кәсіпкерлердің біріне 5 бас ірі қара, 50 бас ұсақ мал және мал азығын сатып алуға 3 млн теңге несие берген. Алайда әлгі кәсіпкер сол қаржыға «Тойота» автокөлігін сатып алған. Сол секілді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы бір шаруа қожалығына 55 бас сиыр сатып алуға 9,350 млн теңге несие берген. Шын мәнісінде осының 16 басы әуелден шаруа қожалығының иелігінде болған.
Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою жөнінде аталған ұйымдар мен БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне ұйғарымдар берілді. Оған қоса бюджеттік қаржының мақсатсыз жұмсалғаны жөніндегі үш дерекке қатысты материал БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).