БҚО: «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларға өтемақы төлейді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ өз салымшыларынан өтемақы жөніндегі өтініштерді 8 ақпаннан қабылдай бастады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында аталмыш банктің БҚО-дағы филиалының директоры Қуанышбек Хамзин мәлім етті.

Оның айтуынша, үш күннің ішінде 1200 өтініш қабылданып үлгерген. Бұл жұмыс биылғы 1 маусымға дейін жүргізіледі.

Өткен жылғы 18 тамызда теңге бағамының еркін айналымға жіберілуіне байланысты Елбасы Үкіметке тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына өтемақы төлеу тетігін қарастыруды тапсырған болатын. Осыған орай өтемақы төлеу 2016 жылы 19,2 пайызға, 2017 жылы 16,3 пайызға, барлығы 35,5 пайызға жүргізлетін болады. Салымшылар электронды үкімет порталы (www.egov.kz) және банктің ғаламтордағы көзі (www.hcsbk.kz) арқылы электронды қол қою тәсілімен тұрғын үй құрылыс жинақ шарттарына қосымша келісімдер жасайды.

Сонымен қатар жергілікті әкімдіктердің қолдауымен халыққа қызмет көрсету орталықтары да қолұшын созып отыр, онда банк өкілдері бағыт-бағдар, кеңес бере алады.

«Үкімет пен банк салымшыларға өтемақы ретінде 60,9 млрд теңге бөліп отыр. Бұл - үлкен қолдау. Елімізде 500 мыңдай салымшы болса, Батыс Қазақстанда 28 мыңнан асады. Олардың бірде-бірі қолдаусыз қалмайды», деді Қ.Хамзин.