ОРАЛ. ҚазАқпарат - Пара алды деген күдікке ілінген БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Марат Есенов екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мəліметке қарағанда, Орал қаласы мамандандырылған тергеу соты бүгін тергеушінің М.Есеновті екі ай мерзімге қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын қолдану жөніндегі өтінішін толық қанағаттандырған.
М.Есенов ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне (пара алу) сəйкес айыпталып отыр.
Тергеу мəліметі бойынша, қарауындағы қызметкердің бірінен жоғары қызметке тағайындау жəне одан əрі қамқорлық жасау үшін 200 мың теңге көлемінде пара алған.
Тергеу судьясы күдіктіні басшылық қызмет атқаратындықтан бостандықта жүріп, куәгерлерге қысым жасап, тергеудің əділ жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін деп есептейді. Сондықтан осындай қатаң шара қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қорғаныс полковнигінің пара алу үстінде ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).