БҚО құрамасы жас өлкетанушылардың республикалық форумында жеңімпаз атанды
Жас ұрпақтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыру, экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған кең ауқымды шараға еліміздің 13 облысынан 144 оқушы қатысты.
«Еуразия» туристік-сауықтыру орталығы мен Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен форум қорытындысында «Денсаулық және қоршаған орта», «Жасыл экономика», «Туған өлкені зерттейміз», «Экоәлем» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. «Құс қанатындағы арман» шарасында қарағандылық Амалия Бислингер жеңімпаз атанса, батысқазақстандық Роман Смаглый екінші, шығысқазақстандық Александр Спиридонов үшінші орынға ие болды. Экологиялық сайыста Павлодар, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстары үздік шықты. Ал «Жасыл оазис» экодизайнерлер байқауында Атырау, Алматы, Жамбыл облыстарының командалары алдыңғы үш орынды бөлісті.
Жалпыкомандалық есепте БҚО құрамасы жеңімпаз атанды. Алматылықтар екінші, атыраулықтар үшінші орынға көтерілді.