ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі және «Туған жер» бағдарламасы аясында жас өлкетанушылардың, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің «Қазақстан - менің елім» атты республикалық форумы қорытындыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Жас ұрпақтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыру, экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған кең ауқымды шараға еліміздің 13 облысынан 144 оқушы қатысты.
«Еуразия» туристік-сауықтыру орталығы мен Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен форум қорытындысында «Денсаулық және қоршаған орта», «Жасыл экономика», «Туған өлкені зерттейміз», «Экоәлем» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. «Құс қанатындағы арман» шарасында қарағандылық Амалия Бислингер жеңімпаз атанса, батысқазақстандық Роман Смаглый екінші, шығысқазақстандық Александр Спиридонов үшінші орынға ие болды. Экологиялық сайыста Павлодар, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстары үздік шықты. Ал «Жасыл оазис» экодизайнерлер байқауында Атырау, Алматы, Жамбыл облыстарының командалары алдыңғы үш орынды бөлісті.
Жалпыкомандалық есепте БҚО құрамасы жеңімпаз атанды. Алматылықтар екінші, атыраулықтар үшінші орынға көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).