ОРАЛ. ҚазАқпарат - Конкурс негізінде және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиев Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қадырболат Мұсағалиев 38 жаста. Білімі жоғары. 2002 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтын, 2010 жылы Еуразия академиясын тәмамдаған.
Қ.Мұсағалиев еңбек жолын 2002 жылы Орал қаласындағы Жастар шығармашылығы орталығының әртісі болып бастады. 2005-2009 жылдары - Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның режиссері, 2011-2013 жылдары - Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайы» бас директорының орынбасары, 2013-2014 жылдары - «Астаналық концерт компаниясы» мекемесінің бөлім менеджері, 2014-2015 жылдары елордадағы «Кинобейне жалға беру дирекциясы» ЖШС директорының міндетін атқарушы болды. Ал 2015 жылдан бастап бүгінге дейін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директоры қызметін атқарып келді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).