ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақжайық аудандық сотының үкімімен Орал қаласының тұрғыны, 1970 жылғы Ақболат Ахметов мас күйінде кісі өліміне соқтырған жол апатын жасағаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақжайық аудандық сотының төрағасы Әмірхан Құлекешевтің айтуынша, өткен жылдың 1 қазанында Чапаев-Қазталов жолының 68 километрінде (аталған ауданның Жамбыл ауылдық округінің аумағы) А.Ахметов спирттік ішімдік ішкен күйінде «ГАЗ» көлігімен қарсы бағытқа шығып кетіп, «Лада-21703» автокөлігіне соқтығысқан. Бұл апат салдарынан «Лададағы» жүргізушімен бірге үш жолаушы сол жерде мерт болды. Ал «ГАЗдағы» төрт жолаушы түрлі жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілген.
Сот залынан қамауға алынған Ахметовке жаза өтеу орны ретінде қоныс колониясы белгіленді. Үкім заңды күшіне енуіне тиісті мерзім бар.
Айта кетейік, Ақжайық аудандық соты бойынша 2014 жылы көлік құралдарын спиртті ішімдік тұтынған күйі жүргізген немесе осындайға қайталап барған 65 көлік жүргізушісі арнайы құқығынан айырылды, оның ішінде 33-і тиісті тәулікке қамауға алынды, 9-ына айыппұл салынды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).