БҚО: Майдангердің 100 жылдығына орай өткен шарада аламан бәйге жеңімпазы автокөлік мінді (ФОТО)

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылында соғыс және еңбек ардагері Сағынбай Есқуатовтың 100 жылдығына орай ұрпақтары ас беріп, аламан бәйге, палуандар күресі, ақындар айтысын ұйымдастырды.

1915 жылы Қалдығайты ауылында өмір есігін ашқан С.Есқуатов колхозда еңбек етіп жүрген жерінен 1941 жылдың маусымында әскер қатарына алынды. Содан Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен сарбаз «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталып, елге аман оралды. Бейбіт кезеңде озат шопан болумен бірге зайыбы Әлима екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді.

Алдымен «Алтынай» тойханасында майдангерді тұстастары еске алып, ғибратты әңгімелерін айтты. Қазақ күресінен өткен сайысқа облыстың бетке ұстар 17 палуаны қатысып, қазталовтық Аңсар Хамзин жеңімпаз атанып, бас жүлдеге тігілген түйені иеленді. Сырымдық белгілі палуандар Еділ Үсенов пен Сұңғат Махамбетов екінші, үшінші орынды еншіледі.

Аламан бәйгеге (28 шақырым) өңірдің бірқатар аудандарынан және Ақтөбе облысынан барлығы 35 сәйгүлік қосылды. Соңғы айналымдарда суырылып алға шыққан ақтөбелік Өтесін Болмашевтің Мәтенторысы мәреге бірінші жетіп, иесіне автокөлікті «сыйлады».

Қалдығайты ауылдық мәдениет үйінде танымал айтыс ақындары Мұрадым Мирланов пен Айнабек Бисенғалиев майдангер Сағынбай Есқуатовтың ерлігі мен еңбегін, қазақ елінің бірлігін жырлады. Шара Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығы әншілерінің «Әкем - асқар тауым» атты концерттік бағдарламасына ұласты.