Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, Президент биылғы Жолдауында білім беру сапасын одан әрі дамыту бағытында мектептерде толық жағдай жасауды тапсырған болатын.
«Мемлекет басшысы 29 қыркүйек күні қабылдаған кезде үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі де шешілетінін мәлімдедім», деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, биылғы жыл басында 7 үш ауысымдық және 7 апаттық жағдайдағы мектеп болды. Биыл бес, келесі жылы екі мектепте үш ауысымдық мәселесін шешу көзделуде. Осы мақсатта биыл 450 орындық мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, оған эстетикалық бағыттағы гимназия көшірілді.
Жаңа ғимарат салу есебінен апаттық жағдайдағы екі мектептің мәселесі биыл шешімін табады. Қалған апатты мектептерді 2021-2022 жылдары шешу жоспарлануда.
Жалпы, биыл облыс бойынша 8 млрд теңге қаражатқа 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса мемлекеттік бағдарламалар аясында 4,5 млрд теңгеге Орал қаласы мен аудандарда 33 білім беру нысаны күрделі жөнделуде.
Мектеп мәселесін шешу үшін жеке инвесторлар тартылып, биыл екі мектептің құрылысы басталады («Каз-Холл» ЖШС, Орал қаласының №31 мектебі, «Нуркапстрой» ЖШС, Орал қаласының №52 мектебі).
Әкімнің сөзіне қарағанда, облыс бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда 30 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100, 1-6 жастағы балалар 70 пайыз қамтамасыз етілген.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында отбасылық, туристік, экологиялық, техникалық бағыттағы шаралар қашықтан ұйымдастырылып, облыс бойынша 50 мыңнан астам оқушы қамтылды.
Шыңғырлау ауданының методикалық кабинеті республикалық «Үздік аудандық, қалалық методикалық кабинет» сайысында женімпаз атанды.
Ал облыстық білім беруді дамыту методикалық орталығы облыстық методикалық кабинеттер арасында республикалық сайыста жүлделі 2 орын алды.
Облыстың 35 оқушысы республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жүлдегері болды.
Сондай-ақ 29 оқушы дарынды балаларының «Айқанат» байқауының жеңімпазы атанып, Тұңғыш Президент қорының грантына ие болды. Бұл көрсеткіш бойынша БҚО республика бойынша көш бастап келеді. Дарынды балалар Бурабайда орналасқан IQanat мектебінде (IQanat High School of Burabay) оқуларын жалғастыруда.
«Елде енгізілген жалпы карантиндік жағдайға байланысты барлық мектептер санитарлық құралдармен толық қамтамасыз етіліп, кезеші сыныптар жұмыс істеуде», деді Ғ.Есқалиев.