БҚО мектептерінде ЖРВИ-мен ауырғандар саны 2500-ден асты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 141 мектепте 2562 адамның жіті респираторлы вирусты инфекциямен (ЖРВИ) ауырғаны тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, ЖРВИ-мен барлығы 468 адам ауруханаға жатқызылса, соның 244-і – 1 жасқа дейінгі сәбилер, 89-ы – жүкті әйелдер.

Сондай-ақ 50 адам (12-сі – жүкті әйел) тұмаумен, 45 адам (28-і – 14 жасқа дейінгілер, 12-сі – 1 жасқа дейінгі сәбилер, біреуі – жүкті әйел) пневмониямен ауруханаға түскен.

М.Арыспаевтың сөзіне қарағанда, биылғы 1 қазанан бастап ЖРВИ-мен сырқаттанғандар саны облыста 15 пайызға, соның ішінде 14 жасқа дейінгілер арасында 62,7, жүкті әйелдер бойынша 10,2 пайызға өсіп кетіп отыр.

Сонымен қатар биыл тұмау ерте өршіп, алғашқысы 31 қыркүйекте анықталды. Облыс бойынша барлығы 72 адамның тұмауға шалдыққаны зертханалық түрде расталды. Соның ішінде 63-інің адамның тұмаудың В штамы, 9 адамның А (H1N1) штамымен ауырғаны тіркелді. 14 жасқа дейінгі 28 жасөспірім, 12 жүкті әйел тұмаумен сырқаттанды.

Департамент басшысының айтуынша, тұмауға ұқсас вирустарға тексерілген 109 сынаманың 66-сында мынадай вирустар анықталды: РС вирусы – 21, риновирус – 17, аденовирус – 16, боковирус – 4, парагрипп – 4, коронавирус – 3, метанопневмовирус – 1.

М.Арыспаев облыста жыл басынан бері 13 038, соның ішінде желтоқсанда 176 адамның коронавируспен ауырғанын жеткізді. Бұлардың 85 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді.

«Жуырда оқушылардың қысқы демалысы басталады. Осыған байланысты балалар арасында ЖРВИ жұқтыру деңгейі төмендейді деп ойлаймыз. Сондықтан қатаң шектеу шаралары енгізілмейді. Дегенмен жаңажылдық мерекелер кезінде тұмау, ЖРВИ және коронавирустан сақтану үшін бетперделер мен антисептиктерді қолданып, адамдар көп жиналатын орындарға бармау, науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу керектігін еске саламыз. Үйді желдетіп, үнемі тазалау жұмыстарын жүргізіп, ауру байқалған бойда медициналық көмекке жүгіну қажет», деді М.Арыспаев.