ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы лауазымына Әділжан Исатайұлы Ғұбашев ротация тәртібімен тағайындалды.
БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, Әділжан Ғұбашев 1975 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген.
Білімі жоғары. Қазақ ұлттық университетін автоматика және техникалық жүйелерді басқару, Каспий қоғамдық университетін заңтану, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін есеп және аудит мамандығы бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары Қазақстан Республикасының кеден органдарында жұмыс істеп, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік-құқықтық жұмыстар секторының меңгерушісі, осы бөлім басшысының орынбасары болды.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы әлеуметтік нысандарды дамыту бөлімінің басшысы, БҚО мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында қызмет еткен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы әкімінің орынбасары тағайындалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).