Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өзге өңірдің тұрғындары есірткі заттарын заңсыз сақтау, тығып сату күдігіне ілінген.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс аумағында есірткі заттарын сақтаған деген күдікпен Батыс Қазақстан облысының тұрғынын анықтады. Оның жалдамалы пәтеріне тінту жүргізу кезінде қара сөмкеге салынған 1 келіге жуық есірткі тәркіленді. Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес тәркіленген құрғақ өсімдік гашиш есірткісі екені анықталды. Күдікті құмар ойындармен әуестенген. Соның салдарынан қарызы 8 млн теңгеге жуықтаған. Қарызынан құтылу үшін еліміздің оңтүстік өңірінен есірткі заттарын тасымалдап, сатпақ болған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал, екінші күдікті — Ақмола облысының тұрғыны. Ол Атырауға биыл қаңтарда келген.
«Күдіктінің Атыраудағы уақытша тұрақтаған мекен-жайын тексеру кезінде жалпы салмағы 175 грамм болатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Ол синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісімен сату үшін интернет-дүкендердің жарнамасына сеніп келгені анықталды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір 2 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізу басталды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көрші өңір тұрғындарынан есірткі мен тапанша тәркіленгенін хабарлаған едік.