ОРАЛ. ҚазАқпарат - 29 желтоқсан күні Зеленов ауданы Мичурин ауылындағы орта мектеп-балабақша күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.
Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің айтуынша, биыл өңірде 13 білім нысаны күрделі жөнделді. Облыста үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Апатты жағдайдағы алты мектеп мәселесі шешіле келді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жаңа мектептер салу және білім нысандарын жөндеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Аталмыш мектеп директоры Алмагүл Кенжебаеваның сөзіне қарағанда, жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес республикалық бюджеттен 246,2 млн. теңге бөлініп, бұл істі «Ремстройбыт» ЖШС қысқа мерзімде әрі сапалы атқарып шықты. 36 сынып бөлмесі, 50 орындық балабақша, 15 балаға арналған шағын орталық, 150 орындық акт залы, 250 орындық асхана, спорт және кітапхана залы жөнделіп, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).