БҚО музейінде Түрік қағанаты мен оғыздар дәуіріне жататын жәдігерлер анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы археологиялық мұраларды ғылыми тұрғыдан зерделеу барысында Түрік қағанаты мен оғыздар дәуіріне жататын бірқатар құнды жәдігерлердің бары белгілі болды.

Фото: видеодан алынған скрин

Қазіргі уақытта музей қорында Әлкей Марғұлан атындағы археология институты ортағасырлық археология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Арман Бисембаев зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Ғалымның музейге келудегі негізгі мақсаты — өңір аумағында әр жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлерді саралап, олардың тарихи кезеңін, археологиялық тиесілігін анықтау және ғылыми сипаттама беру. Зерттеу жұмыстары біздің заманымыздың I–II мыңжылдықтарын, соның ішінде ғұн дәуірінен бастап Алтын Орда кезеңінің кейінгі жартысына дейінгі тарихи уақытты қамтиды.

Екі аптаға жуық уақыттан бері жүргізіліп жатқан зерттеу барысында Түрік қағанаты мен оғыздар кезеңіне тиесілі бірқатар жәдігер ғылыми айналымға енгізуге лайық деп танылды.

Ғалымның жұмысы музей қорында бұрыннан ғылыми сипаттамасы бар заттарды қайта қараумен ғана шектелмейді. Нөмірі жоқ, тарихи кезеңі мен табылған орны белгісіз болып қалған кейбір қыш құмыралар мен өзге де бұйымдардың ерекшеліктеріне қарай олардың қай археологиялық ескерткішке және қай дәуірге тиесілі болуы мүмкін екені анықталуда.

Фото: видеодан алынған скрин

Зерттеу барысында музей қорындағы ғұн дәуіріне жататын археологиялық мұралардың молдығы да назар аудартты. Атап айтқанда, Лебедевка, Ащысай, Қарасу қорымдарынан табылған жәдігерлердің тарихи маңызы зор.

Сондай-ақ археолог оғыз кезеңіне жататын бірнеше бұйымды анықтап, оларға ғылыми сипаттама берді. Олардың қатарында үзеңгі сынығы, күміс жалатылған қола белдіктер мен қапсырмалар, темір қапсырмалар бар. Бұл жәдігерлер сол дәуірдегі ат әбзелдерінің, киім үлгілерінің, зергерлік және металл өңдеу өнерінің ерекшеліктерін тануға мүмкіндік береді.

Мұндай ғылыми зерттеулер музей қорындағы тарихи мұралардың мазмұнын тереңірек ашып, олардың ғылыми құндылығын айқындауға жол ашады. Музей үшін жәдігерлерді сақтау ғана емес, олардың тарихын зерттеп, ғылыми тұрғыдан зерделеп, кейінгі ұрпаққа нақты деректермен жеткізу де — маңызды міндеттердің бірі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында жаңа музей ғимаратын салу қажеттілігі туындағанын жазған едік.