БҚО-ның екі ауданында шөп шығымдылығы төмен болып отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында мал азығын дайындау науқаны басталғаннан бері 4,2 млн гектар шабындық шабылды.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Жасұлан Халиуллиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, орташа өнімділік әр гектарға 3,5 центнерден келіп, 1 млн 452 мың тонна мал азығы әзірленді.
Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, бұл жоспардың 62,7 пайызы болып отыр. Өткен жылғы қалдық шөпті есептегенде, 1 млн 874 мың тонна пішен (81 пайыз) бар.
— Облыста жем-шөп дайындау қарқыны әр түрлі, бұл түрлі климаттық және ұйымдастырушылық факторға байланысты. Мысалы, Ақжайық, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау аудандары қажетті шөптің 75 пайызынан астамын дайындап үлгерді. Ал Жәнібек, Казталов аудандарының жекелеген ауылдық округтерінде шөп шығымдылығы төмен (гектарына 1,1-2,5 центнерден). Соның салдарынан осы екі ауданда мал азығын дайындау қарқыны ойдағыдай емес, — деді Ж.Халиуллин.
Оның айтуынша, шөп өнімділігі төмен болып отырған Жәнібек (қажеттіліктің 46,2 пайызы жиналған) және Казталов (62 пайыз) ауданы кейбір округтерінің шаруалары облыстың басқа аумақтарынан мал азығын дайындап жатыр.
— Жем-шөппен қамтамасыз етуде қиындықтар туындауы мүмкін оңтүстік аудандардың мәселесін қарау үшін облыста құрылған арнайы штаб жұмыс атқарып келеді. Мұндай штабтар әр ауданда да бар. Оңтүстік аудандардың шөп қажеттілігін облыс ішіндегі ішкі тасымалдау арқылы жабуды қарастыру мақсатында облыстық орман шаруашылығы мекемелерінен рулон құны 5 мың теңгеден мал азығы дайындалуда. Сондай-ақ солтүстік аудандардан шөп және жем азығын сатушылар туралы ақпарат апта сайын жаңартылып, ұсынылып отыр, — деді басқарма басшысы.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сәйкес биыл егіс алқаптарынан жақсы өнім алынып жатыр. Күні бүгінге дейін 190 мың гектар егістік алқабы немесе 66,3 пайызы орылып, одан 271 мың тонна астық жиналды. Бұл өткен жылғыдан (254 мың тонна) артық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда мал азығы алдағы қысқа жеткілікті ме, соны жазған едік.