БҚО-ның екі тұрғыны жалған операциялар арқылы мемлекетке 250 млн-ға жуық теңге залал келтірген

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында сот өңірдің екі тұрғынына қатысты айыптау үкімін шығарды.

Фото: pexels

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, олар тауарларды нақты жеткізбей, жұмыстарды орындамай және қызметтерді көрсетпей, жалған шот-фактураларды жүйелі түрде жазып беру схемасын ұйымдастырып, қатысқаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталушылардың бірі бұған дейін осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан, бірнеше жыл бойы өзінің таныстарына тіркелген екі кәсіпорынды пайдаланып, заңсыз қызметін жалғастырған. Әуелі ол таныстарына тіркелген кәсіпорындардың электрондық кілттері мен мөрлеріне қол жеткізіп, жалған шот-фактураларды рәсімдеуді ұйымдастырған. Бұл ретте компаниялар іс жүзінде мәлімделген қызметпен айналыспаған. Оған қоса қажетті активтері, көлігі, қойма үй-жайлары, қызметкерлері мен нақты өнім берушілері болмаған.

Жалған операциялар бойынша айналым 964,3 млн теңгеге жеткен.

Өз қызметі үшін сотталушы жазып берілген жалған шот-фактуралар сомасының шамамен 5 пайызы мөлшерінде сыйақы алған. Кейін түскен қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыйақы сомасы шегеріліп, контрагенттерге қайтарылған.

Бір кәсіпорынның атынан шот-фактураларды жазып беру ісін жүзеге асыруға оның танысы көмектескен. ЖШС-ның ресми басшысы болған ол қажетті құжаттарға қол қойып, түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысқан. Схемаға қатысқаны үшін ол да ақшалай сыйақы алған.

— Құқыққа қайшы әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 249,8 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Сот сотталушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, — деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құны 100 млн теңгеге жуық заңсыз темекі айналымының жолы кесілгенін жазған едік.