БҚО-ның шекаралас аудандарында орналасқан 13 мектеп таратылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының шекаралас аудандарында орналасқан 13 мектеп таратылуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.
— Батыс Қазақстан облысының шекаралас аудандарында орналасқан 13 мектепке қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз. Бүгінгі күнде осы мектептер штаттық негізде жұмыс істеп жатыр. Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативіне сәйкес білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жалпы саны әрбір ауылдық елді мекенде сақталса білім беру ұйымдарының (кіші мектеп жасындағы адамдардың саны 5 және одан көп болғанда мемлекеттік бастауыш, кіші және орта мектеп жасындағы адамдардың саны 41 және одан көп болғанда мемлекеттік негізгі орта, кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы адамдардың саны 81 және одан көп болғанда мемлекеттік жалпы орта білім беретін ұйымның) жұмыс істеуіне кепілдік беріледі, — деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, «Білім туралы» заңның 6-бабы 2-тармағы 6-тармақшасының негізінде балаға сапалы білім беруге қатысты ережеге сәйкес болған жағдайда жергілікті атқарушы органның мектептерді сақтап қалуға заңнамалық барлық мүмкіндігі бар.
— Дегенмен, аталған мектептерде оқушылар санының белгіленген жүктемеден едәуір аз болуына байланысты 2025-2026 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектепті негізгіге, негізгі орта мектепті бастауышқа ауыстыруға немесе таратуға тәуекелдер бар. Бұл ретте Оқу-ағарту министрлігімен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне шекаралас аудандардағы ауыл мектептерін сақтап қалу және оны дамыту бойынша хат жолданды. Қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативінен шекара аймағында орналасқан мектептерді алып тастау мәселесін пысықтап жатыр. Жалпы аталған мәселелер Үкіметтің бақылауында және оларды шешу бойынша жұмыстар одан әрі жалғасатын болады, — деді Ермек Көшербаев.
Бұған дейін еліміздегі мектептердің 70 пайызға жуығы ауылдық жерлерде орналасқан және көпшілігі шағын жинақты мектептер екенін жазған едік.