БҚО-ның 2012 жылғы түсімі 75,5 млрд. теңге көлемінде болмақ

None
ОРАЛ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның 2012 жылғы түсімі 75,5 млрд. теңге көлемінде болмақ.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың 36-сессиясында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Серік Шәпкенов мәлім етті.

Оның айтуынша, өзіндік табыс болжамы 32,3 млрд. теңге көлемінде жоспарланып отыр, бұл 2011 жылғыдан 3,7 пайызға көп. Облыстық бюджет негізінен Бөрлі ауданы мен Орал қаласы қазыналарынан реттелетін салықтар бойынша аударымдарынан құралады. 2012 жылы 30,3 млрд. теңге жеке табыс пен әлеуметтік салық есебінде түспекші.

Республикалық бюджеттен алдағы жылға арналған субвенция көлемі - 17,1 млрд. теңге, бұл 23 пайызға көп. Мақсатты трансферттер мен несие көлемі - 25,5 млрд. теңге, бұл 1,8 млрд. теңгеге аз.

Алдағы жылы білім беру саласының барлық шығыстары 8,9 млрд. теңге көлемінде қарастырылды. Денсаулық сақтауға - 15,8 млрд., әлеуметтік қамсыздандыруға - 2,0 млрд., мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке - 3,3 млрд., ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғауға - 4,4 млрд., көлік және жолдарға - 1,7 млрд., тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа - 7,8 млрд., басқа шығыстарға 31,6 млрд. теңге бөлінбек.

Республикалық бюджет есебінен бір балабақша құрылысына, 10 сумен қамту нысанына, 8 елді мекенді газдандыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта құруға қаржы қаралды.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлерді қолдауға 1,2 млрд., «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,5 млрд. теңге жұмсалмақшы.

Облыстық мәслихат сессиясында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бір топ депутаттарға «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалін тапсырды.