ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстанның тоғыз ауданында коронавирус инфекциясы тіркеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыста сырқаттанғандар саны 580-ге жетіп, 141 ауру ошағы анықталды.
Соның 501-і Орал қаласында тіркелсе, Ақжайық ауданында – 5, Бөрліде – 9, Бәйтеректе – 8, Сырымда – 6, Жаңақалада – 2, Жәнібекте – 9, Шыңғырлауда – 1, Тасқалада – 23, Теректіде 16 адамның дертке шалдыққаны белгілі болды.
Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес, соңғы анықталған 36 науқастың 31-і – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. 4 адамнан профилактикалық мақсатта сынама алынған. Тағы бір адам – Ресейде жұмыс жасайтын облыс тұрғыны. Ол «Тасқала» автоөткелінен өтіп келген.
Өңірде індетке қарсы күрес жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп бара жатқанын, 10 мыңнан астам волонтердің тұрғындарға көмектесіп жүргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).